-A A +A

Тәуелсіздік Күні

Тәуелсіздік Күні

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні. Халқымызға ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Азаттық аңсаған елдің түпкі мақсаты орындалып, бүгінгі Қазақстан Республикасы өз мемлекеттілігін бұдан 26 жыл бұрын жариялаған болатын. Бұл мереке күнтізбеде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңының 1991 жылы                  16 желтоқсанда қабылдануына байланысты тұрақты түрде аталып өтіледі.
          Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бері көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл Елбасымыздың жүргізіп отырған парасатты саясатының нәтижесі. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көпұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында тәуелсіздігіміз жылдан жылға нығаюда. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы, Қазақстан халқының өз болашағына деген кәміл сенімі,  қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы – стратегиялық негізгі бағыттарды құрайды. Сондықтан бұл күн жас мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымның, салауатты болашаққа деген нық сенімнің мерекесі болып табылады.

 Егемендік алған жылдар ішінде өзіне тән барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын мемлекет құрылды, оның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. Конституциялық жолмен мемлекеттік және саяси билік құрылымдарын жаңарту негізінде елдің демократиялық жолмен дамуының берік іргетасы қаланды. Елдің ішкі экономикалық жүйесі түбірімен өзгеріп, дамыған өркениетті елдердің ешқайсысынан кем түспейтін нарықтық қатынастар мен институттар құрылды. Соның негізінде Қазақстан дүниежүзілік экономикада өз орны бар елге айналды.

 Ең бастысы, қазақ халқымен бірге әртүрлі этностардың да Отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, әртүрлі ұлттық мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісі.

Тәуелсіздік, еркіндік – ежелден ел тілегі. Тәуелсіздік халқымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күресінің тарихи нәтижесі.

Қазақстан Республикасының әр азаматы еліміздің көркейе түсуіне, тәуелсіздік тұғырының нығаюына өз үлесін қосуда. Қай саланың маманы болса да өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді, мемлекет тарапынан артылған жауапкершілікті адал атқарып, заңнаманың бұзылуына жол бермеуі тиіс.

Біз құқықтық қоғамда өмір сүреміз. Бұл – әділет, құқық қорғау саласында қызмет етіп жүрген азаматтардың ерең еңбегінің жемісі.

Әділдік сақтау, әділет орнату тәуелсіз еліміздің жарқын болашағының кепілі.

Ақмола облысы

Әділет департаментінің

НҚАТ бөлімінің жетекші маманы

А.Қ. Мұстафина