-A A +A

Міндеттері мен қызметтері

Әдiлет органдарының мiндеттерi:

      1) жалпымемлекеттiк даму стратегиясын әзiрлеу мен iске асыруға қатысу, заң жобасы жұмысын жүргiзу, заңдарды талдау, жетiлдiру, жүйелеу, нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына заң сараптамасын жүргiзу арқылы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының үстемдiгiн, Қазақстан Республикасының егемендiгiн, Қазақстан қоғамы мен мемлекетiнiң тұрақты және қарышты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық заңдарды қалыптастыруға қатысу;
      2) Қазақстанның ұлттық мүдделерiн қорғау және Республиканың дүниежүзiлiк қоғамдастықтағы беделiн нығайту мақсатында, соның iшiнде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын дайындау мен жасасу жолымен оның халықаралық аренадағы қызметiн құқықтық жағынан қамтамасыз ету;
      3) заңды тұлғаларды, жылжымайтын мүлiкке құқықтарды, жылжымалы мүлiктiң жекелеген түрлерiнiң кепiлдерiн, орталық мемлекеттiк органдардың және ведомстволардың, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк есепке алуды қамтамасыз ету;
      3-1) мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру, құқықтық көмектi және заң қызметтерiн көрсетудi ұйымдастыру, құқықтық насихат саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру;
      4) құқықтық көмектi және заң қызметiн көрсетудi ұйымдастыру және құқықтық насихатты қамтамасыз ету;
      5) сот-сараптама қызметiн ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      6) зияткерлiк меншiк құқықтарын сақтау және қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты қалыптастыру және іске асыру;
      7) Қазақстан Республикасының заңына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша iс жүргiзуді жүзеге асыру;
     8) атқарушылық құжаттарды орындау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру;
      9) сот-сараптама қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру;
      10) өздерiне Қазақстан Республикасының заңдарымен жүктелген өзге де мiндеттердi жүзеге асыру болып табылады. 

 

Әдiлет органдарының қызметi:

      1) заңдылық;
      2) қорғалу құқығын қамтамасыз ету, баршаның заң алдындағы теңдiгi, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу және сақтау;
      3) жариялылық, құқық қорғау органдарымен және басқа да мемлекеттiк органдармен, өзге де ұйымдармен және лауазымды адамдармен өзара iс-қимыл жасау;
      4) саяси партиялардың және өзге де қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiне тәуелсiз болу;
      5) әдiлет органдары жүйесiнiң бiртұтастығы принциптерiне негiзделедi.

 

Әдiлет органдарының мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыру саласындағы функциялары

 

      Әдiлет органдары мемлекеттiк тiркеу саласында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) орталық мемлекеттiк органдардың, ведомстволардың, мәслихаттардың, әкiмдіктер мен әкiмдердiң нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк тiркеу, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін жүргізуді қамтамасыз ету;
      2) Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығына қатысушыларды қоспағанда, заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу, филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеу, сондай-ақ Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімін жүргiзу;
      3) азаматтық хал актiлерiн мемлекеттiк тiркеу;
      4) мемлекеттiк органдардың тiркелген нормативтiк құқықтық актiлерiнің тiзбесiн жалпы жұрттың назарына жеткiзу үшiн жариялау;
      5) жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу, жылжымалы мүлiктiң құқықтық кадастрын жүргiзу, оның кепілiн тiркеу, жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексеру және жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тiзiлiмiн жүргiзу. 

 

Әдiлет органдарының құқықтық көмек және заң 
қызметiн көрсетудi ұйымдастыру, құқықтық 
насихат салаларындағы функциялары

 

      1. Әдiлет органдары құқықтық көмектi ұйымдастыру және заң қызметiн көрсету саласында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) мемлекеттiк нотариат кадрларын iрiктеу, аттестаттау және орналастыру, Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен адвокаттар мен нотариустарға лицензиялар беру, оларды тоқтата тұру және тоқтату (олардан айыруды қоспағанда);
      2) мемлекеттiк нотариат кеңселерiнiң қызметiне басшылық жасау, жеке нотариаттың дамуына жәрдемдесу, жасалған нотариаттық әрекеттердiң заңдылығы мен мемлекеттiк және жеке нотариустардың iс жүргiзу ережелерiнсақтауын бақылау;
      3) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес жекелеген қызмет түрлерін лицензиялау;
      4) нормативтік-әдіснамалық қамтамасыз ету, азаматтық хал актілерін тіркеуді бақылау және тиісті дерекқордың жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
      5) орталық атқарушы органдардың заң қызметiнiң жұмысын үйлестiру және оған әдiстемелiк басшылық жасау, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi аппараттарының заң қызметтерiмен өзара iс-қимыл жасау;
      6) адвокаттардың, нотариаттардың жеке және заңды тұлғаларға көрсететiн заң қызметтерiнiң сапасын бақылау;
      7) әдiлет органдарынан және өзге де мемлекеттiк органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою.
      2. Әдiлет органдары құқықтық насихат саласында мынадай функцияларды жүзеге асырады: 
      1) құқықтық насихатты ұйымдастыруды ведомствоаралық үйлестiру, заңдарға түсiндiрме беруге қатысу;
      2) эталондық заң актiлерiн және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi, ақпараттық және анықтамалық-әдiстемелiк материалдарды шарт негiзiнде, оның iшiнде құқықтық ақпараттың автоматтандырылған жүйесiн пайдалана отырып беру;

 

Әдiлет органдарының зияткерлiк меншiк құқықтарын
сақтау және қорғау саласындағы мемлекеттік
саясатты жүзеге асыру саласындағы функциялары

 

      Әдiлет органдары зияткерлiк меншiк құқықтарын сақтау және қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру саласында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) зияткерлiк меншiк құқықтарын сақтау және қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;
      2) зияткерлiк меншiк объектiлерiн құқықтық қорғау және пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен басқа да жұмыстарға қатысу;
      3) зияткерлiк меншiк объектілерін қорғау және пайдалану мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық;
      4) уәкілетті органдар мен мүдделі ұйымдардың зияткерлiк меншiкті сақтау және қорғау саласындағы өзара іс-қимылдарын үйлестіру;
      5) уәкілетті органдар мен ұйымдардың осы саладағы заңнаманы сақтауын және халықаралық шарттарды орындауын сақтауды қоса алғанда, олардың зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруының мониторингі;
      6) мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың, патенттік сенім білдірілгендердің қызметiн бақылау және олармен өзара іс-қимыл жасау;
      7) ресми тізілімдерде авторлық құқықты тіркеу;
      8) өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiне, селекциялық жетiстiктерге, интегралдық микросхемалар топологияларына қорғау құжаттарын беруге түскен өтiнiмдердi тiркеудi қамтамасыз ету;
      9) қорғау құжаттарын беруге түскен өтiнiмдерге сараптама жүргiзудi ұйымдастыру, өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiнiң, селекциялық жетiстiктердiң, интегралдық микросхемалар топологияларының мемлекеттiк тiзiлiмдерiн жүргiзу, қорғау құжаттарын беру және оларды күшiнде ұстау жөнiндегi шараларды жүзеге асыру;
      10) патенттiк iс саласындағы сараптаманы жүзеге асыратын мемлекеттiк ұйымдардың қызметiн бақылау;
      11) өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiн, селекциялық жетiстiктердi, интегралдық микросхемалар топологияларын пайдалануға лицензиялық шарттарды, ашық лицензияларды және қорғау құжаттарын басқаға беру шарттарын тiркеудi қамтамасыз ету;
      12) мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу.

 

Әділет органдарының атқарушылық құжаттардың
орындалуын қамтамасыз ету саласындағы
функциялары

 

      Әділет органдары атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласында мынадай функцияларды:
      1) атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз етуді (ұйымдастырушылық, әдістемелік қамтамасыз ету, бақылау, атқарушылық іс жүргізу бойынша шағымдар мен өзге де өтініштерді қарау, борышкерлердің тыйым салынған мүлкімен жұмыс);
      2) жеке сот орындаушылары мен олардың алқаларының қызметін ұйымдастыруды (біліктілік, тәртіптік комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, конкурс өткізу, жеке сот орындаушыларының қызметін лицензиялау, олардың қызметін бақылау, жеке сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдар мен өзге де өтініштерді қарау);
      3) шет мемлекеттердің атқарушылық іс жүргізу қызметтерімен және халықаралық ұйымдармен атқарушылық құжаттарды орындау саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады.